Жұмысшы әйелдің телефонын жымқырған күдікті ұсталды
Түркістан облысында жұмысшы әйелдің телефонын жымқырған күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы Отырар аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын әйел хабарласып, жұмысшы ретінде жұмыс істеп жатқан жергілікті тұрғынның үйінде ұялы телефоны жоғалғаны туралы арызданады. Аталған арыз Отырар АПБ қызметкерлерімен сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалады.
Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 80 мың теңге.
Қырағы полицейлерден жедел топ құрылып, оқиға орын алған аймақты тексереді. Куәгерлерден сұрақ-жауаптар алынып, қажетті деген шаралардың барлығы атқарылады. Нәтижесінде бір күннің ішінде жеделділіктерін танытып, күдіктіні құрықтау амалдарын қолданған сақшылар ұрлық жасаған сезіктіні ізін суытпай ұстайды.
Тергеу барысында белгілі болғандай, күдікті жергілікті тұрғынның үйінен жүгері сатып алуға барып, сол жерде жұмыс істеп жатқан жұмысшы әйелдің шешіп қойған күртешесінің қалтасынан ешкімге байқатпастан ұялы телефонды жымқырған. Бүгінде күдікті бас шарасы ешқайда кетпеу туралы қолхатта. Оған қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Айғақты зат алынып, иесіне табысталды.
Полицейлердің айтуынша, көп жағдайда қаскөйлер оңай олжа ретінде ұялы телефондарды олжалайды. Байланыс құралының ықшамды әрі құны да арзан емес екендігін пайдаланады. Сондықтан қылмыскерлер смартфондарды қолды қылып, тез арада ақшаға айырбастауға асығады.
Сондықтан полицейлер жеке мүлікке мұқият болып, сақтық шараларын ұстану қажеттілігін ескертеді. Мүліктің кез-келген түріне қырағылықпен және жауапкершілікпен қарағанда ғана мұндай жағдайларды азайтуға болады.