Туған күн атап өткен үш жігіт аялдамалардағы әйнекті сындырған
Петропавлдықтар Новопавловка ауылының маңында бірден үш аялдама павильонының әйнектерінің сынғанын байқап, полицияға хабарлаған. Әйнектерді сындырған бұзақылар туралы Polisia.kz бағдарламасының кезекті шығарылымында айтылды.
Полицейлер қаскүнемдерді анықтау үшін бір апта бойы іздестіру шараларын жүргізді. Олар такси жүргізушілері мен ойын-сауық мекемелерінің қызметкерлерінен жауап алды. Аталмыш ауданда орнатылған барлық камераларды қарап шықты.
Іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшыларының назарына демалыс орындарының бірінде туған күнін атап өткен жас жігіттер ілікті. Алайда, олардың ешқайсысы істегендерін мойындауға асықпады.
Жиналған дәлелдердің арқасында жедел уәкілдер өздерінің болжамдарын растады. Мас жігіттердің әйнекті қалай сындырып жатқаны толықтай бейнебақылау камерасына түсіп қалғаны белгілі болды.
«Жедел-іздестіру шаралары барысында Петропавл қаласының тұрғындары ұсталды. Олардың екеуі колледж студенті және біреуі кәмелетке толмаған жасөспірім», – деді полиция қызметкерлері.
Петропавл қаласы әкімдігінің өкілдері қираған аялдамалардың құнын тергеушілерге ұсынды. Бір павильонның жалпы құны 440 мың теңгеден асады. Бұзақылық фактісі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 293-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Колледждің екі студенті мен бір жасөспірімге қатысты «келу туралы міндеттеме» қабылданды.