Жылқы ұрлаған шардаралық ұсталды
Шардаралық полицейлер жылқы ұрлаған 60 жастағы ер кісіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шардара АПБ-не жергілікті тұрғын арызданып келген. Оның айтуы бойынша түңгі уақытта белгісіз біреулер мал қорасының ішіндегі 500 мың теңге тұратын жылқысын ұрлап кеткен. Содан өз бетінше іздеуден еш нәтиже шықпайтынын білген соң, полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінген. Жәбірленуші азаматқа келтірілген жалпы шығын көлемі 500 мың теңге. Тәртіп сақшылары аталған жайтты Жетісай АПБ-нің СДТТБТ-не ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша тіркеп, тергеп-тексеру амалдары басталды.
Осы оқиғаға байланысты Шардара АПБ КПБ және ЖПҚ УПИ қызметкерлерімен бірге қылмыс орын алған аумақта сұрастыру, жедел іздестіру іс-шараларын жүргізді.
Нәтижесінде жинақталған ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке басы анықталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті азамат қорада жылқы барын алдын ала біліп, өз арамы ойын жүзеге асыру үшін түңгі сағат 4-5 шамасында ұрлаған. Осы уақытта оңай жолмен ақша табу мақсатында оны жетектеп өз үйіне алып кеткен. Сонымен қатар күдіктінің қой бағатын шопан екені белгілі болды. Күдікті деп танылған 60 жастағы ер кісі бұрын ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша сотты болған. Айғақты зат ретінде ұрланған жылқы заңды иесіне қайтарылды. Күдікті қолхатта.
Өз кезегінде, тәртіп сақшылары облыс тұрғындарына қырағы болуға және өз мүлкін сақтау үшін қажетті шаралар қабылдауға кеңес береді. Мүмкіндігінше аулалар мен қора-жайларын сенімді құлыптармен және қоршаулармен нығайтқаны жөн. Малды таңбалап, ен салдыру керек. Сондай-ақ бақташы жалдау қажет. Егер сіз мал ұрлығының болмаса басқа біреудің мүлкін ұрлаудың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға «102» нөміріне хабарласыңыз.