Қарағандыда құрылыс объектісінен құрал-сайман ұрлаған күдікті мүлік иесіне 500 мың теңге шығын келтірген
Қарағандылық полицейлер құрылыс объектісіндегі контейнерлердің бірінен құрал-жабдықтар ұрлаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
14 қаңтар күні Қарағанды қалалық Полиция басқармасына қарасты Оңтүстік-шығыс полиция бөліміне 32 жастағы қала тұрғыны хабарласып, аталған аудандағы құрылыс алаңында тұрған контейнерден белгісіз біреулердің құрал-жабдықтарын (дәнекерлеу аппараты, дрель, префоратор) ұрлап әкеткені туралы шағымданған.
Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі шамамен 500 мың теңгені құраған.
Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 188-бабына (Ұрлық) сәйкес қылмыстық іс қозғалды.
Күдіктінің бұл қылмысқа барынша дайындалғаны соншалықты, полиция қызметкерлері оқиға орнынан бірде-бір саусақ ізін таппаған.
Дегенмен, күдіктінің ізін барынша жасыруға тырысқанымен, полиция қызметкерлері оның кім екенін анықтады.
31 желтоқсан күні жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері осы іске қатысы бар деген күдікпен 37 жастағы азаматты ұстады. Күдікті қылмысын мойындап, одан айғақ заттар тәркіленді.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу амалдары жүргізілуде.