Түлкібастық жігіт туысының атынан несие алған
Түркістан облысының полицейлері туысының атынан несие рәсімдеген алаяқты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түлкібас АПБ-не жергілікті тұрғын арызданады. Жәбірленушінің айтуынша, бейтаныс адамның атынан онлайн-несие алып 60 мың теңге шығын келтірген. Бір жылда берешектері көбейіп, банктен хабар келгенде, жәбірленуші тез арада тәртіп сақшыларынан мән-жайды анықтауға көмек берулерін сұраған. Аталған жайт СДТТБТ-не енгізіліп, ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді. Арызданушының шағымына сәйкес, орын алған алаяқтық қылмысын ашып, күдіктіні анықтау мақсатында Түлкібас ауданы полицейлері қажетті іс-шараларды жүргізді.
Тексеру жұмыстары нәтижесінде полицейлер осы қылмысқа қатысты күдіктіні анықтап, оны тұрғылықты мекенжайынан ұстады. Ол жәбірленушінің туыс інісі болып шықты.
Тергеу барысында анықталғандай, жәбірленуші өткен жылы туыс ағасына хабарласып, таныстары ақша тастайтынын, сол үшін банктік карточкаларының кодтары мен жеке куәліктерінің мәліметтерін суретке түсіріп жіберуді сұраған. Содан туысына сенген жәбірленуші, ол сұратқан ақпараттарды береді. Осы арқылы күдікті онлайн-несие алуға өтініш тастап, несие рәсімдеген. Күдікті өз кінәсін толық мойындап отыр. Күдіктінің бас шарасы «қолхатта». Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер оқиғаның толық мән-жайын анықтауда.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға өзіңізге қатысты жеке, құпия сандарды ешкімге бермеңіздер деп ескертеді. Банктік карточкаларыңыз бен жеке куәлігіңізге, жалпы құжаттарыңызға ұқыпты болыңыздар. Егер, осындай интернет-алаяқтығының куәсі немесе құрбаны болсаңыз, тез арада полицияның «102» телефонына хабарласыңыздар.