Атырауда 1 аптада 9 мас жүргізуші анықталды
Атыраулық полицейлер 1 апта ішінде мас күйінде көлік тізгіндеген 9 жүргізушіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырауда 25-31 қаңтар аралығында патрульдік полиция қызметкерлері мас күйінде көлік басқарған 9 жүргізушіні анықтап, жауапкершілікке тартты. Олардың арасында автокөлікті мас күйінде басқару салдарынан жол-көлік оқиғасын жасаған азаматтар да болды.
Мысалы, 31 қаңтар күні сағат 03:30 шамасында Лесхоз шағын ауданы 49-үйдің тұсында «Ваз 21070” автокөлігінің 30 жастағы жүргізушісі алкогольдік масаң күйде аула қоршауына соғып, аталған үйдің иесіне материалдық шығын келтірген.
Патрульдік полиция қызметкерлері аталған жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 3-бөлігімен (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру)
әкімшілік хаттама толтырып, жинақталған материалдар шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді.
Сот шешімімен мас жүргізуші 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, жеті жылға көлік басқару құқығынан айырылды.