Түркістандық полицейлер «102» мобильді қосымшасы арқылы бірнеше тұрғынмен байланысқан
Түркістандық сақшылар 102 жедел желісі арқылы 1 тәулікте 200-ге жуық қоңырау қабылдап, «102» мобильді қосымшасы арқылы бірнеше тұрғынмен байланысқан, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2021 жылдың 1 ақпанынан бастап Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаев қазақстандықтарды «102» қосымшасын пайдалануға шақырған болатын. Министрдің айтуы бойынша, халыққа ыңғайлы жаңа сервис, яғни 102 мобильдік қосымшасы орын алған оқиғалар мен азаматтардың хабарламаларына тез арада жауап беру, жедел шараларды атқару арқылы көмек қолын созу үшін енгізілген.
Сондықтан аталмыш қосымша бойынша, Түркістан облысы Полиция департаменті Штаб басқармасының Сейітжомарт Сейітхан тұрғындарға түсіндіріп берді.
– «102» мобильдік қосымшасын кез-келген адам өз смартфонына жүктеп ала алады. Содан соң тіркеліп, өзіне қатысты мәліметтерді енгізеді. Егер де кез-келген жерде бір құқық бұзушылық пен төтенше жағдай орын алса, бірден осы қосымша арқылы бейнежазба мен аудиожазба немесе мәтіндік хабарламаны полицияға жолдайды. Өз кезегінде полиция қызметкері түскен хабарламаны алып, оқиға болған жерге жедел түрде полицейлерді бағыттайды. Бүгінгі күнге дейін бірнеше тұрғыннан «102» мобильдік қосымшасы арқылы аудиожазба қабылданды. Ол бойынша полицейлер жедел жұмыстарды атқарып, тиісті шараларды қабылдаған. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, – деп атап өтті С. Сейітхан.
Сонымен қатар арнайы қосымшадан бөлек Түркістан облысы Полиция департаментінің кезекшілік бөлімі 102 қоңырауы арқылы тәулік ішінде 200-ге жуық қоңырауларды қабылдауда. Ал 102 мобильдік қосымшасы арқылы бірнеше тұрғынның аудиожазбасын тіркеп, ол бойынша тиісті жұмыстар жасалған. Мобильдік қосымша арқылы түскен аудиожазбалар көліктердің ретсіз қойылуына байланысты айтылған.
Сондай-ақ, 102 жедел желісі бойынша бір сағаттың ішінде бейнебақылау камералары арқылы полицейлер жол қозғалысы ережесін бұзған үш көлік иесі мен қоғамдық орынды ластаған екі азаматты анықтады. «Темір тұлпарларының» иелері қоюға тыйым салынған орынға келіп жайғасқан. Аталған жайт бойынша полицейлер бірден бағыт алып, оқиға орнына жетіп, жүргізушілерге ҚР ӘҚБтК-нің 597-бабымен (Көлiк құралдарын тоқтату немесе тоқтап тұру қағидаларын бұзу) хаттамалар толтырды. Екеуі сол мезетте полиция қызметкерінің заңды талабына бағынса, келесі жүргізуші оқиға орнынан ізін суытпақшы болды. Алайда полицейлер бейнебақылау камералары арқылы оның барған жерін анықтап, экипажды бағыттады.
Сондай-ақ қоғамдық орынды ластап, темекі тұқылын тастаған екі тұрғынға ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы (Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау) бойынша әкімшілік шара көрілді.