Түркістан облысының полицейлері құжатсыз ет тасымалдаған жүргізушіні анықтады
Түркістан облысының полицейлері құжатсыз ет тасымалдаған жүргізушіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Осындай кезекті жұмыс күнінде Созақ АПБ-нің полицейлері көлігінен ет шығарып, аудандағы асханалардың біріне кіргізіп жатқан тұрғынды байқайды. Полицейлер бірден оқиға орнына жетіп, еттің заңға сәйкес құжаттарымен жеткізіліп жатқанын тексеру мақсатында әрекет етеді. Алайда еттің құжатсыз екендігі белгілі болды. Заңсыз ет тасымалымен айналысқан ер адамға қатысты жинақталған құжаттар Созақ ауданы әкімдігінің ветеринария басқармасына жолданып, ҚР ӘҚБтКнің 406-бабы (Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Сондай-ақ аталған жүргізушінің өткен жылы да осындай әрекет жасап, әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.
Өздеріңізге белгілі Түркістан облысында тұрғындардың басым көпшілігі мал шаруашылығымен айналысады. Осыған орай өңірімізде мал ұрлықтары жиі орын алып жатады. Ал тәртіп сақшылары осындай қылмыстардың, яғни мал ұрлығының алдын алу мен болдырмау мақсатында профилактикалық-рейдтік іс-шараларды тұрақты өткізіп келеді. ҚР ІІМ-нің бұйрығына сәйкес “Мүлікті қорғау жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған бағдарламасының” жоспарларын іске асыру мақсатында арнайы топтар құрып, қарқынды қызмет атқара бермек.