Түркістан облысында кезекті көкпар ұйымдастырғандар анықталды
Түркістан облысында карантин кезінде 200-ге жуық адамның басын қосып, көкпар ұйымдастырғандар анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісай АПБ-нің қызметкерлері күнделікті рейдтік іс-шаралар жүргізу барысында, белгісіз адамдардың көкпар ұйымдастырғаны туралы таралған бейнежазбаны назарға алды. Болған жайтты бірден тексеруге кіріскен тәртіп сақшылары көкпардың Жетісай ауданы Жамбыл елді мекенінде орын алғанын анықтады. Яғни ауыл тұрғыны егістік алқапта карантин талаптарын бұзып, 200-ге жуық адамның басын қосып, көкпар ұйымдастырған. Бүгінде іс-шараны ұйымдастырушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша құжаттар жинақталып, шара көрілу үшін СЭС-ке жолданды.
Өз кезегінде полицейлер Түркістан облысының тұрғындары мен қонақтарын карантин режимі мен санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың талаптарын бұзбау керектігін еске салады. Базарларға, дүкендерге және адамдар көп жиналатын басқа да жерлерге барғанда, қоғамдық көліктерге мінгенде медициналық бетперде киіп, антисептик пайдалану және әлеуметтік қашықтықты сақтау қажет. Той-жиын, көкпар немесе басқа да адамдардың денсаулығына зиян келтіретін іс-шараларды ұйымдастырмауға шақырады.