Қарағандыда «Қауіпсіз жол» акциясы қорытындыланды
Қарағанды облысында «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу іс-шарасы қорытындыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облыстық Полиция департаментінде ақпан айының 17-cі мен 19-ы аралығында өткен «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу іс-шарасын қорытындылады. Аталған акцияға Көліктік бақылау инспекциясы, облыс әкімдігі, «ҚазАвтоЖол» қызметкерлері және еріктілер мен қоғамдық ұйым өкілдері тартылды.
Шараның мақсаты – жүргізушілер арасындағы көліктік тәртіпті арттыру, жол-көлік оқиғаларының санын азайту және қарапайым жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақыру.
Жедел-алдын алу іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзудың 3640 дерегін анықтады.
Мәселен, көлікті ішімдік ішкен күйде басқарған 24 жүргізуші, қауіпсіздік белдігін тақпаған 279 жүргізуші, қозғалыс кезінде ұялы телефон пайдаланған 199 жүргізуші анықталды.
Сондай-ақ, жаяу жүргіншілер тарапынан 403 құқық бұзушылыққа, қоғамдық көліктер тарапынан 9 құқық бұзушылыққа жол берілген. Заңсыз жолаушылар тасымалдау бойынша 8 хаттама толтырылып, айыппұл тұрағына 23 автокөлік қойылды.