СҚО-да жолда «Nissan Primera» көлігі жылқымен соқтығысты
Солтүстік Қазақстан облысында жолда «Nissan Primera» көлігі жылқымен соқтығысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол-көлік оқиғасы Ақжар ауданының аумағында орын алды. 3 наурызға қараған түні «Көкшетау-Омбы» республикалық маңыздағы жолдың 178 шақырымында шетел көлігін басқарып келе жатқан, 40 жастағы жергілікті тұрғын жолда кенеттен пайда болған малды қағып кетті. Жылқы аман қалды, машинаға механикалық зақым келтірілді. Абырой болғанда, жүргізуші зардап шеккен жоқ. Оқиға орнына аудандық полиция бөлімінің жедел- тергеу тобы барды. Жылқы ауыл тұрғындарының жылқысын бағатын жылқышыға, 40 жастағы ауыл тұрғынына тиесілі екендігі анықталды. Ол Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 408-бабы (Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу) бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, ҚР ӘҚБтК-нің 615-бабы 4-бөлігі (Жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзу) бойынша материалдар жинақталып, сотқа жолданады. Осы бап бойынша тәртіп бұзушыға 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады немесе үш тәулікке қамауға алынады.
– Бұрын бұл жылқышы бес рет мал бағу ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын, – дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы Еркін Махметов. – Онымен бірнеше рет еркін жайылымға жол берілмейтіндігі туралы профилактикалық әңгімелер жүргізілді. Өткен жылдың қыркүйегінде осы адамның жауапсыздығы салдарынан жолда апат орын алды. Біз аудандағы барлық шаруа қожалықтарынан: еркін жайылымға жол бермеуге шаралар қабылдауды сұраймыз, осындай фактілер адам өліміне әкелетін ауыр жазатайым оқиғалар тудыруы және мал ұрлығына ықпал етуі мүмкін. Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері еркін мал жайылымына байланысты қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын-алу жұмыстарын жүргізуде. Жыл басынан бері ауданда бос жүрген малға қатысты 21 әкімшілік хаттама толтырылды. Мал ұрлығы фактілері болған жоқ.