Түркістан облысында қызмет бабында қаза болған полицейлердің отбасы назардан тыс қалмады
Түркістан облысында мейрамда қызмет бабында қаза болған полицейлердің жұбайлары құрметке бөленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицей болу – күнделікті таңертең жұмысқа шыққаныңда, алдыңда не күтіп тұрғанын білмейтін қауіпті қызметтердің бірі. Десекте, осы саланың ыстығына күйіп, суығына тоңып, тайсалмастан қызмет етіп, зейнеткерлікке шығып, бейнетінің зейнетін көріп жүргендер қатары көп. Алайда, өмір болған соң, елдің тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатында атқарған қызмет бабында қаза болып жататындар жағдайларда да кездеседі. Жұлдыздары ерте сөнген жандарды қарулас әріптестері еш ұмытпайды. Олардың ерліктерін мәңгі есте сақтап, кейінгілерге үлгі етіп көрсетеді. Артында қалған жанұясына қолдау жасап, жиі жағдайларын біліп, көмектесіп отырады.
Осы бағыттағы шараның бірі – әйелдер мерекесі қарсаңында өткізілді. Яғни, қызмет бабында ерлікпен қаза болған полицейлердің жұбайлары ПД-не арнайы қонақ ретінде шақыртылып, құрмет көрсетіліп, бағалы сый-сыяпаттар жасалды. Атап айтсақ, Төлеби ауданынан Рахат Құлтаевтың әйелі Бақтыгүл Құлтаева шақыртылса, Кентау қаласынан үш бірдей ақ жаулықты ана ПД-не өткізілген шараға қатысты. Олар Айтжан Гайбуллаевтың жұбайы Гауһар Сүлейменова, Рысбай Құдайбергеновтің жары Дариға Құдайбергенова, Оранғай ауылдық округінде учаскелік полиция инспекторы қызметін атқарған Расул Наршабаевтың әйелі Динара Абдулакова.
Түркістан облысы ПД-нің бастығы Қайрат Дәлбеков өз сөзінде: – Мерекелеріңізбен, асыл аналар! Сіздердің отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін. Алдағы күндері тек жақсы күндерде, қуанышқа кенеліп жүріңіздер. Қара шаңырақтыраңыздың отын сөндірмей, перзенттеріңізді жетелеп келе жатқан, Сіздерге үлкен алғыс. Әрқашан жүздеріңізден күлкі кетпей, көктемдей құлпырып жүре беріңіздер! Сіздердің ұл-қыздарыңыздың ардақты әкелері, біздің батыл да батыр қызметтес, әріптестеріміз өмірден өтсе де, есімдері мәңгі өшпейді!, – деп аналарға тарту етіп, ақжарма тілегін арнады.