Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Мереке қарсаңында түркістандық 80-ге жуық шенді арулар марапатталды

Мереке қарсаңында түркістандық 80-ге жуық шенді арулар марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Шуақ шашқан көктем мерекесі 8 наурыз – Халықаралық Әйелдер күні қарсаңында, Түркістан облысы Полиция департаментінде қызмет атқаратын полицей қыз-келіншектерге арналған мерекелік шара ұйымдастырылды. Түркістан облысы ПД бастығы Қайрат Дәлбеков әйелдерді мерекемен құттықтады.

– Құрметті полицей арулар, Сіздер, қиын да қауіпті салада қаймықпастан абыройлы қызмет атқарып келесіздер. Осы батыл әрекеттеріңізді, жұмыстарыңызды жоғары бағалаймын. Жауапкершілікті жіті сезініп, ер азаматтармен қатар қоғамдық қауіпсіздікті сақтауда мінсіз қызмет үлгісін көрсетіп жүрсіздер. Мерекелеріңізбен!, – деп шынайы алғысын жеткізді.

Карантин талабы сақтала отырып өткізілген шарада, 80-ге жуық полицей қыздардың еңбектері еленіп, қуанышқа бөленді.

Атап айтсақ, Халықаралық әйелдер күнін мерекелеуге байланысты және өздерінің қызметтік міндеттерін адал атқарғандары үшін ҚР ІІМ-нің Құрмет грамотасымен полиция майоры Айгүл Құдайбергенова марапатталса, ІІ дәрежелі “Ішкі істер органдарының үздігі” омырау белгісімен полиция майоры Іңкәр Қошқарова, полиция капитаны Ақнұр Бекбутаева, полиция капитаны Жанна Орынбаева, полиция аға лейтенанттары Ақнұр Шырынбекова мен Майра Елемесовалар марапатталды. Сондай-ақ ҚР ІІМ-нің Грамотасымен ішкі аудит тобының бас маманы Ләззат Перменова және тағы осы бұйрықпен алты қызметкерге Алғыс жарияланды.

Оған қоса, облыс әкімі Шөкеевтің де марапаттары тиісті білікті қызметкерлерге жеткізілді. Нақтырақ айтсақ, еңбектегі жоғары жетістіктері мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлестері үшін Түркістан облысы әкімінің грамотасымен полиция полковнигі Салтанат Бегімбайқызы, полиция майоры Меруерт Әбдіқадырқызы, округтік әскери-дәрігерлік комиссиясының төрайымы Ляззат Қалматаева марапатталды. Ал, облыс әкімінің Алғыс хатымен полиция подполковнигі Жанар Қалабаева, полиция капитаны Айгерім Төрегелдиева, “Емханасы бар Госпитальдың” ауруларды қарау жөніндегі санитары Нағима Омарова марапатталды.

Одан бөлек мереке қарсаңында, өздерінің міндеттерін адал атқарып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгендері үшін Түркістан облысы Полиция департаментінің Грамотасымен сарапшы-психиатр Шолпан Қасымбаева, іс-жүргізуші инспектор Адель Амантайқызы, дәл осындай марапатпен тағы 23 қызметкер марапатталды. Сонымен қатар осы бұйрықпен 29 қызметкерге Алғыс жарияланып, бір қызметкердің тәртіптік шарасы мерзімінен бұрын алынды.

Иә, бүгінде шенді арулар, Полиция департаментінің барлық бөлімшелерінде қызмет атқарады. Олардың ішінде тергеушілер, анықтаушылар, криминалистер, жедел уәкілдер, ювеналдық полиция қызметкерлері және учаскелік полиция инспекторлары бар. Олардың әрқайсысы өз қызметінің нағыз мықтылары десек қателеспейміз. Ендеше, қоғамдық қауіпсіздікті және тұрғындардың тыныштығын сақтауды қамтамасыз етіп жүрген полицейлерді, жұлдыздарыңыз жанып, тек биіктен көрініңіздер демекпіз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру