Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полиция майоры Гүлмира Сарыбаева: “Бала тәрбиесі – жеңіл-желпі қарайтын мәселе емес”

8 наурыз – Халықаралық Әйелдер күні мерекесі қарсаңында Polisia.kz редакциясы ішкі істер саласында абыройлы қызмет атқарып жүрген полицей арудың бірі және бірегейі жайлы ақпарат ұсынбақ.

Бүгінде ерлермен бірге иық тіресіп ішкі істер саласында еңбек етіп жүрген әйел азаматшалар көп. Қатаң тәртіп пен нәзіктікті және кәсібилікті үйлестіре білген сондай жанның бірі – Гүлмира Сарыбаева. Полиция майоры еңбек жолында бүгінге дейін біршама жауапты қызметтерді атқарып, абыройлы еңбек етіп келеді. Патрульдік полиция тобында инспектор, ақпараттық техникалық бөлімде техник, Заң тобында кеңесші болды. Ал, кейіннен жеті жылға жуық криминалист қызметін атқарды. Бүгінде Сарыағаш аудандық полиция бөлімінде жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция тобының инспекторы.

 

– Мен қызметімді жақсы көремін. Бала кезімнен полиция болуды қатты армандадым. Осы жолда білім алып, еңбек етіп келемін. Әйел баласына әрине қиындау. Бірақтан жүрек қалап тұрған соң, кез келген қиындықты жеңіп, өз ісіңнің маманы боласың. Мен отбасыма да көңіл бөлемін, қызметімді де аса жауапкершілікпен орындаймын. Бәріне үлгеремін, – дейді ол.

Гүлмира Бәкірқызы Сарыағаш ауданындағы алты округке жауапты. Онда 46 мектеп бар. Күнделікті профилактикалық жұмыстар жүргізіп, кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдер арасындағы қылмысты болдырмау мақсатында қызмет етеді.

Жергілікті әкімдік қызметкерлерімен бірлесіп рейдтерге шығады. Жиналыстарға қатысып, құқықбұзушылықты болдырмау жөнінде кеңестер береді. Басты мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мен ескерту, кәмелетке толмағандардың ата-аналары мен заңды өкілдерінің жауапкершілігін арттыру.
Сонымен қатар, полицейлер алкоголь өнімдері мен темекі өнімдерін кәмелет жасқа толмаған балаларға сату бойынша Қазақстан Республикасының заң талаптарын бұзуға жол берілмеуіне ерекше көңіл бөлуде.

– Жылдан жылға жасөспірімдер арасында тіркелген қылмыстар саны азайып келеді. Мұның баршасы уақытылы әрі жоғары деңгейде жүргізілген жұмыстардың нәтижесі деп білеміз, – дейді полиция майоры.

Жалпы Сарыағаш халық көп қоныстанған ауданның бірі. Әрі шекаралас аймақ болған соң, мұнда шетелден келетіндер мен шетелге өтетін өзге аймақтың адамдары көп болды. Сондықтан құқықбұзушылықтар көп тіркелетінін бар. Ал, аудандағы әрбір аймақ тәртіп сақшыларының қатаң бақылауына алынған.

– Жастар – біздің болашағымыз. Сондықтан келешек ұрпаққа бүгіннен бастап дұрыс бағыт-бағдар беріп, тура жолға сала білсек, еліміздің ертеңі де жарқын болмақ. “Баланы жастан” деп ата-бабамыз бала тәрбиесіне кәмелет жасқа толғанға дейін немқұрайлы қарамаған. Үлкен мән берген. Ата-аналар балаларының тәрбиесіне үлкен мән берсе екен. Себебі, бала тәрбиесі жеңіл-желпі қарайтын мәселе емес, – дейді ол.

Гүлмира Бәкірқызы спорттан да құр алақан емес. Бос уақытында фитнеске барып тұрады. Бос кезінде домбыра шертіп, күй тартады. Сүйікті ісі мерейтойлық монеталар жинау. Ал, екі қызы үйішілік шаруаларға көмектеседі. Жолдасы – жеке кәсіпкер.

Гүлмира Сарыбаеваның әкесі Бәкір көптеген жылдар бойы ішкі істер саласында еңбек еткен. Учаскелік полиция қызметкері болып, қоғамдық тыныштықты күзеткен полиция капитаны, жоғары марапаттарға қол жеткізген. Форма киіп, шен таққан әкесінің жолын қуған Гүлмира да бүгінде бірнеше төсбелгілер мен алғыс хаттардың иегері атанып отыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру