Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістандық жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері өрттің алдын алды

Түркістандық жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері өрттің алдын алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы Полиция департаменті Жылдам қимылдайтын арнайы жасағында қызмет ететін төрт жігіт үйлеріне түскі ас ішуге келеді. Пәтерге кірген бетте олар, жағымсыз ыстың иісін сезеді. Жігіттер бірден үйлеріндегі өрт шығуы мүмкін деген жерлерді тексеріп шығады. Бірақ өз үйлерінен ештеңе таппайды. Одан кейін уақыт өткізбестен, көпқабатты тұрғын үйдің төменгі қабатына түсіп, жақын пәтерлерді барлай бастайды.

Кенет 2-қабаттағы үйдің сыртқы есігінің жан-жағынан түтін шығып жатқанын байқайды. Дереу әрекетке көшкен полицейлер, есікті ашпақ болады. Алайда, есік құлыптаулы.

Содан тәртіп сақшылары, тез арада шешім шығарып, үйге келесі пәтердің балконы арқылы секіріп өтеді. Балконның есігін ашып, үйге кіргенде газ плита жанып қалғанының үстінен түседі. Газдың үстінде ыдыс жанып, ас үйдегі кілем өртке оранып, үйдің іші түгел түтін басып, ыс болып жатады. Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың қызметкерлері газды өшіріп, кілемдегі отты сөндіреді. Барлық қажетті шараларды іске асырады. Үй ішінде адам бар-жоғын қарап шығып, ешкім жоқтығына көз жеткізеді.

Көпқабатты бірнеше үйді өрттен аман алып қалған полицейлердің бірі өз сөзінде:

– Оқиға түскі уақытта орын алды. Әйтеуір, тез арада әрекет етуіміздің арқасында өрттің алдын алдық. Бұл жерде күнделікті жаттығудың көмегі тиді деп айта аламыз. Оның үстіне басты міндетіміз – халықтың тыныштығын сақтау. Осы бағытта адал, мінсіз қызмет етуге қашанда дайынбыз, – деп атап өтті.


Ал, көрші Ақбаян Тұрсынбаева болса:

– Егер жігіттер жарты сағатқа кешіккенде бұл үйде болған өрт, бірнеше үйді жайпап өтер еді. Рақмет, осы жігіттердің арқасында барлығымыз аманбыз. Көршілеріме айтарым, қауіпсіздікті сақтайық, – дейді.

Белгілі болғандай, үй иесі бұл кезде моншаға кеткен. 80 жастағы тұрғын Райхан Құрбанбаеваның айтуынша газ қойылған тамақ туралы ұмытқан.

– Газға тамақ жылытамын деп қойып, тіптен ұмытып кетіппін. Мына жігіттердің тәуекел еткендеріне ризамын. Менің үйімді, басқа да пәтерлерді келеңсіз жағдайға тап болудан сақтап қалыпты. Алдағы уақытта мұндай олқылықтарға орын бермеуге тырысып, қауіпсіздікті қадағалаймын, – деп жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың қызметкерлеріне тұрғын шынайы ризашылығын жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру