Мәжіліс депутаттары Ұлттық ұлан қызметімен танысты
Мәжіліс депутаттары Ұлттық ұлан қызметімен танысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығында Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің «Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы туралы» ҚР Заңын жүзеге асыру мәселелері жөніндегі көшпелі отырысы өтті.
Комитет Төрайымы Айгүл Құспанның жетекшілігімен өткен отырысқа Комитет мүшелері, ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, Қаржы және Ұлттық экономика вице-министрлері Татьяна Савельева мен Айгүл Шайымова, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы Руслан Жақсылықов және құқықтық тәртіп әскерінің лауазымдық тұлғалары қатысты.
Отырысты ашқан Айгүл Құспан Мәжілістің профильді Комитеті ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету мәселелері бойынша еліміздің күштік құрылымдарында осы тектес басқосуларды тұрақты өткізіп тұратынын тілге тиек етті.
– Бүгін Комитет мүшелері құқықтық тәртіп әскерінің қызметімен танысу мақсатында Ұлттық ұланға арнайы келді. Осы көшпелі отырыс аясында депутаттар тарапынан тиімді практикалық көмек көрсету үшін құрылымның қазіргі жағдайын зерделемекпіз, – дейді Комитет Төрайымы.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев халық қалаулыларына маңызды кездесу үшін алғыс білдіріп, Ұлттық ұланның ІІМ-нің құрылымдық бөлінісі екенін және негізгі міндеті қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, стратегиялық нысандар мен қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерін күзету болып табылатынын айтып өтті.
Комитет құрамын құқықтық тәртіп әскерінің бүгінгі ахуалымен және даму перспективаларымен кеңірек Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы Руслан Жақсылықов таныстырды.
Қаржы вице-министрі Татьяна Савельева Ұлттық ұланды республикалық бюджет шеңберінде материалдық қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды.
Айгүл Құспан Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің көшпелі отырысын қорытындылай келе, отырыс барысында Ұлттық ұлан қызметінің мәселелері бойынша тұшымды диалог орнағанын атап өтті.
– Отырыс қорытындысы бойынша біз тиісті ұсынымдар жобасын әзірлеп, жақын арада оны Үкіметке жолдайтын боламыз. Ал өз тарапымыздан, Комитет депутаттары алдағы уақытта да Ұлттық ұлан қызметіне қатысты мәселелерді ерекше бақылауда ұстайтынын мәлімдейміз, – деді Комитет Төрайымы.
Ұлттық ұланның жедел және арнайы әскери бөлімдері мен бөліністері ішкі істер органдарымен бірлесіп, еліміздің 19 қаласында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететінін атап өткен жөн.
Күн сайын Ұлттық ұланнан бес мыңнан аса әскери қызметші ІІМ бірге патрульдік қызмет атқаруға жұмылдырылады.
Ағымдағы жылдың өзінде Ұлттық ұландықтар екі мыңнан аса құқық бұзушыны құрықтап, ішкі істер органдарына жеткізді. Құқық бұзушылықтардың 90-нан астамы қылмыстық сипатқа ие. Әскери жасақтар күшімен 10 суық және ату қаруы тәркіленді, сондай-ақ есірткі заттарын тәркілеудің 14 фактісі тіркелді.