Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістандық тәртіп сақшылары көліктен ұялы телефон ұрлаған күдіктіні ұстады

Түркістандық тәртіп сақшылары көліктен ұялы телефон ұрлаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан ҚПБ-на жергілікті тұрғынның бірі шағымданады. Әйелдің айтуынша, оның саябақтардың бірінің автотұрағында тұрған көлігінен құны 135 мың теңге тұратын «Самсунг А-51» маркалы ұялы телефонын белгісіз адам ұрлап кеткен. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алынды.

Тапа-тал түсте тұрғынның көлігіне ұрлыққа түсіп, бағалы затын жымқырған ұрыны ұстау мақсатында түркістандық тәжірибелі полицейлерден жедел-тергеу тобы құрылып, оқиға орнына жетеді. Тәртіп сақшылары барлық қажетті шараларды іске асырады.

Көрген-білгендерден сұрастырып, бейнебақылау камераларын қарап, жақын аймақтарды аралап шығады. Қолданылған ұялы телефондарды алып сататындар тыңғылықты тексеріледі. Соның нәтижесінде бір күн ішінде ұялы телефон табылады. Белгілі болғандай, күдікті оны өзгеге сатып үлгерген.

Тергеу кезінде анықталғандай, күдікті көліктің есігінің ашық қалғанын пайдаланып, ұрлық жасаған. Яғни, оның көзі көлік ішінде қараусыз тұрған ұялы телефонға түскен. Арам ойын іске асырып, оны сатып, ақшасын қажеттілігіне жұмсап жіберген. Күдіктінің бас шарасы «қолхатта». Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Ұрланған ұялы телефонын тауып берген полицейлерге тұрғын өз алғысын жеткізді:

– Көлігімнің ішінен ұялы телефонымды ұрлатып алдым. Полицейлерге арыздандым. Олар жедел жұмыс жасап, тауып берді. Өзіме қайтарды. Тергеуші Асылжанға рақмет. Өте қуаныштымын. Сіздерге рақмет, жұмыстарыңызға табыс тілеймін. Сіздердей азаматтар көп болсын!, – деп атап өтті.

Өз кезегінде полицейлер азаматтарға көліктерін ақылы автотұраққа қоюды, есіктерін кілттеп жүруді ескертеді. Сондай-ақ көлік ішінде бағалы заттарыңызды, әмиян, ұялы телефондарыңызды қалдырмауға кеңес береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру