Атыраулық тұрғын пара бермек болғаны үшін түрмеге қамалды
Атыраулық тұрғын пара бермек болғаны үшін түрмеге қамалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырауда қызыл балықты пробация қызметінің инспекторына пара ретінде бермек болған азамат сотталды.
32 жастағы азамат 2020 жылы Исатай аудандық сотының үкімімен ҚР ҚК 190-бабымен (Алаяқтық) кінәлі деп танылып, оған бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған. Сол себепті ол айына екі рет пробация қызметіне келіп, тіркеліп тұруы тиіс болатын. Алайда бұл талапты орындамаған.
– Сот үкімімен тағайындалған мәжбүрлі еңбекті орындауға қасақана шықпады. Атырау қаласындағы мекен-жайын тексерген кезде, сотталған азамат үйінде болмады. Кейін ол түсініктеме жазып, сотталған азаматқа жазасын өтеуден қасақана жалтарғаны үшін ескерту берілген, – деп хабарлайды Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз-қызметі.
Осындай заң бұзушылықтар жасағаннан кейін, өзінің түрмеге қамалуы мүмкін екендігін түсініп, сотталған азамат пробация қызметкеріне пара беру ойы туады. Арам ойын жүзеге асыру мақсатында қызыл балық сатып алып, пробация қызметкеріне бермек болып жатқан жерінен ұсталды.
– Пробация қызметкерінің инспекторы сотталған азаматтың арам ойын басшылыққа хабарлап, Атырау облысы ҚАЖД қызметкерлерінің жемқорлық фактілеріне нөлдік төзіммен қарайтындығын тағы бір мәрте дәлелдеді, – дейді ҚАЖД.
Сот үкімімен азамат ҚР ҚК 367-бабымен (Пара беру) кінәлі деп танылып, екі жыл бір ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жаза өтеу орны қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесі тағайындалды.