Төлебилік тұрғынның жоғалып кеткен 8 бас жылқысын полицейлер тапты
Түркістан облысының полицейлері жоғалып кеткен сегіз бас жылқыны тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Төлеби АПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті тұрғын жайылымнан сегіз бас жылқысының жоғалғаны туралы арызданған. Бастапқыда арызданушы өздігінен бес күн бойы іздеген, алайда таба алмаған. Содан соң полицейлердің көмегіне жүгінген. Бұл жайт аудандық полиция бөлімінде тіркеліп, жоғалған жылқыларды іздеу үшін мобильді топ жақын маңдағы барлық аумақтарды аралап, ауыл тұрғындарымен сұхбат жүргізді, базарлар мен мал тасымалдайтын автокөліктерді тексерді.
Жедел шаралар нәтижесінде бірнеше күннен кейін Төлеби АПБ-ның полицейлері 15 шақырым жердегі Көксайек ауылының жайылымынан жоғалған жылқыларды тапты. Табылған сегіз бас жылқы заңды иесіне қайтарылды, жәбірленуші азамат төлебилік полицейлерге үлкен алғысын білдірді.
– Мен сегіз бас жылқымды жоғалтып, өзіміздің аймақтағы учаскелік полицейлерге хабарласып, көмек сұрадым. Олар жылқыларды іздеуге бірден кірісті. Барша полиция қызметкерлеріне, алғысымды білдіргім келеді. Сіздерге үлкен рахмет!, – деді ауыл тұрғыны.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері қырағы болу және малды жайылымда қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді, өйткені сіздің малыңыз барымташылардың оңай олжасына әп-сәтте айналуы мүмкін. Сондықтан мүмкіндігінше, үй шаруашылығын сенімді қоршаумен қоршап, малды таңбалау және сырғалау қажет. Мал жоғалған немесе ұрланған жағдайда өз бетінше іздеп, уақыт жоғалтпастан, дереу полицияның «102» телефонына хабарласыңыздар.
Жарайсындар 👍🏻👍🏻👍🏻