Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тұрғындардың ақшасын алдап алған түркістандық әйел анықталды

Түркістан облысының полицейлері алаяқтыққа қатысы бар әйелді анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгінде алаяқтық қылмысы кең таралуда. Ал, тәртіп сақшылары аталмыш қылмыстың алдын алып, болдырмауда, алаяқтарды ұстауда қарқынды қызмет атқарып келеді. Мәселен, мына жайтта алаяқ белгілі бір компанияға ақша салсаң ақшаңды көбейтіп аласың деп тұрғынды сендіріп бір миллион ақшаға зиян келтірген.

Түркістан ҚПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып келеді. Оның айтуынша, сырттай танысы «Q-NET компаниясына ақша салсаң, салған ақшаңды еселеп аласың» деп сендірген. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеп, шұғыл іздестіру жұмыстарын бастады. Нәтижесінде тәртіп сақшылары күдікті әйелді жергілікті мекенжайынан ұстап бөлімшеге жеткізді.

Тергеу барысында анықталғандай, күдікті әйел тұрғынға жалған ақпарат беріп сеніміне кірген. Сондай-ақ күдікті жәбірленушіге миллион теңге көлемінде несие алдырғаны белгілі болды. Содан жәбірленуші алаяқтың «1 миллион теңгең бір апта ішінде алты миллион теңге болып қайтады» деген сөзіне сеніп, бар ақшасын аталған компанияның есеп шотына салып жіберген. Жалпы жәбірленушілерге келтірілген шығынның көлемі бір миллион теңге. Бүгінгі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Күдіктінің бас шарасы қолхатта.

Түркістан облысының полицейлері кезекті рет ескертеді: алаяқтардан әрдайым сақ болыңыздар! Олар өз олжасына қол жеткізу үшін, түрлі айла-амалдарды қолданады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру