Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері жергілікті кәсіпорыннан мыс ұрлағандарды ұстады

Петропавл қаласында екі жас жігіт жергілікті кәсіпорындардың біріне тиесілі мыс кабельдерді ұрлаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.

23 наурызда Петропавл қаласының ПБ Екінші полиция бөліміне ЖШС бірінің аумағынан жоғарғы қуатты 30 метр кабельдің жоғалғаны туралы хабарлама келіп түскен. Келтірілген шығын 500 мың теңгені құраған.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері осы қылмысты жасауға қатысы бар деген күдікпен облыс орталығының 19 және 20 жастағы екі тұрғынын анықтаған. Олардың біреуі көрші кәсіпорында жұмыс істеген. Оның айтуынша, жас жігіт күн сайын жұмысқа бара жатқанда үнемі кабельді бақылап жүрген.

Ұсталғандар ұрланған кабельді оқшаулағыш материалдан тазарту үшін отқа күйдірген. Сосын оны металл қабылдау орнына 27 мың теңгеге тапсырып, оңай олжаға кенелген.

Аталған факт ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-тармағымен (Ұрлық) Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

– Кабельдер қаскөйлердің назарына жиі ілігеді. Тек наурыз айының өзінде кабель ұрлаудың төрт фактісі орын алған. Оның үшеуі ашылып, қалған біреуі бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары өткізілуде. Қаскөйлер кәсіпорындарға айтарлықтай шығын келтіріп, аз ғана қаражат үшін бостандықтарын бәйгеге тіккен. Кәсіпкерлердің назарын мүлікті қорғау бойынша шаралар қабылдау қажеттігіне аудартамыз. Көп жағдайларда күзеттің сауатты ұйымдастырылуы қылмыстың алдын алуға, адамдарды қылмыстық райынан қайтаруға сенімді тәсіл болады, – дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Марат Жұмалиев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру