Түркістан облысының полицейлері заңсыз ойын бизнесінің жолын кесті
Келес ауданының ПБ қызметкерлері аумақты тексеру кезінде Абай ауылындағы ғимараттардың бірінде заңсыз ойын бизнесін анықтаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобы букмекерлік кеңсенің заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру дерегін анықтады.
Тексеру барысында ғимараттың бірінші қабатында орналасқан букмекерлік кеңседен бірнеше ойыншы мен ойын залының операторы болып табылатын жас қыз ұсталды.
Айғақ зат ретінде тоғыз дана компьютер, тоғыз дана процессор, бір дана кассалық аппарат, бір дана сканер және 2000 теңге ақша тәркіленді.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 307-бабымен (Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру) тіркелді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптама тағайындалды.
Ойыншыларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабының 1-бөлігімен (Белгіленбеген орында темекі шегу) әкімшілік хаттама толтырылды. Оған қоса ойын залының операторына ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабымен (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу) хаттама толтырылып, жинақталған құжаттар заңды шешім қабылдау үшін Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау бөліміне жіберілді.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға заңсыз құмар ойындарды ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.