Алматы облысында 50 адамға той өткізген мейрамхана анықталды
Алматы облысының полицейлері карантин режиміне қарамастан өз жұмысын жалғастырып жатқан мейрамхананы анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Еліміздегі коронавирус індетіне байланысты Қарасай ауданы полиция қызметкерлері мен әкімдік өкілдерінен құрылған мобильді топ аудан аумағында орналасқан кафе-мейрамханаларға тексеру жүргізді. Қарасай АПБ бастығы Болат Тотыбаевтың сөзіне жүгінсек, 2021 жылдың 10 сәуірінде шамамен сағат 19:30-да тексеру барысында, Қаскелең қаласында орналасқан кафелердің бірінде карантиндік талаптарды сақтамай 50 адамнан аса халыққа ұзату тойын өткізіп жатқандығы анықталды. Сонымен қатар, келушілердің кіру барысында дене қызуын өлшеу жүргізілмегендігі анықталды.
Аталған деректерге қатысты жинақталған материалдар шара қабылдау үшін Қарасай ауданы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жолданды. Осыған орай, полиция қызметкерлері халықты құқық қорғау органдарының іс-әрекеттеріне түсіністікпен қарауды және азаматтардың қауіпсіздігін сақтауға назар аударуды сұрайды.