Түркістан облысының полицейлері жұмыс орнына ұрлыққа түскен екеуді ұстады
Түркістан облысының полицейлері жұмыс орнына ұрлыққа түскен екеуді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кентау қалалық полиция бөліміне Ескі Иқан ауылындағы құрылыс мекемесінің бірінен хабарлама түседі. Онда ашық алаңда жатқан мекемеге тиесілі арматураларды екі жігіттің ұрлап жатқан жерінен ұсталғаны жөнінде айтылған. Орын алған қылмысты бірден тіркеуге алған полицейлер, істі ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТТБТ-ға енгізді.
Оқиға орнына жедел-тергеу тобы толық құрамда шығып, күдіктілерді ұстап, ҚПБ-ға жеткізді. Тергеу барысында анықталғандай, ұрлыққа түскендер аталмыш мекеменің жұмысшылары болып шықты. Одан бөлек, ер азаматтардың бұдан алдында осылай қараусыз жатқан арматураларды жымқырып жүргендігі белгілі болды. Содан ұрланған темірлерді арнайы темір қабылдайтын орынға өткізіп, ақшасын өз қажеттілігіне жұмсап жіберген. Олар өз кінәларын толық мойындады. Бас шаралары «қолхатта». Қазіргі таңда құрылыс мекемесіне келтірілген шығын көлемі анықталуда. Тергеу жалғасуда.
Түркістан облысының полицейлері кез келген мекеме басшысы, жеке және заңды тұлғаларға өз мүлкін қауіпсіздік шаралары толық қамтамасыз етілген орындарда сақтауға кеңес береді. Ал, мал-мүлкіңізді қараусыз қалдырсаңыз, бұл ұрылар үшін оңай олжа болуы мүмкін. Сондай-ақ, өзіңіздің шаруашылық аулаларыңызды және ұйымдардың аумақтарын сенімді қоршаумен қоршап, бейнебақылау камерасы және күзет дабылын орнату қажет. Егер, сіз, ұрлықтың немесе басқа да қылмыстардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға «102» нөміріне хабарласыңыз.