Түркістанда 4 жасөспірім профилактикалық есепке қойылды
Түркістанда төрт жасөспірім мен екі жайсыз отбасы профилактикалық есепке қойылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
15-17 сәуір аралығында Түркістанда «Жасөспірім» іс-шарасы өтті. Ювеналды полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандар арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша рейдттер жүргізді. Оған қалалық әкімдік өкілдері, жастар орталығы мен адами әлеуетті дамыту орталығының мамандары қатысты.
Басты мақсат – кәмелетке толмаған жасөспірімдердің мезгілсіз уақытта жүруін болдырмау, есірткі пайдалануларына жол бермеу және қылмысты азайту.
Рейд барысында құқық қорғаушылар дүкендер мен ойынханаларды, кафелер мен саябақтарды аралап, 20 жасөспірімді Полиция басқармасына жеткізді. Беймезгіл уақытта жүрген 10 жасөспірімнің ата-анасына хаттама толтырылды. Ал, төрт жасөспірім мен екі жайсыз отбасы профилактикалық есепке алынды. Сондай-ақ оларға ескерту жасалып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Түркістан облысының полицейлері кәмелетке толмаған жастардың сағат түнгі 23:00-ден кейін көшелерде, ойын сауық кешендерінде, дүкендер мен қоғамдық орындарда, тұрғын жайлардан тыс жерлерде заңды өкілінсіз жүруге болмайтындығын ескертеді.
Егер де кәмелетке толмаған жасөспірімдер мезгілсіз уақытта аталған орындарда заңды өкілінсіз жүргені анықталса, олардың ата-аналарына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабымен хаттама түзіледі. Сондай-ақ жасөспірімдерді ойын-сауық мекемелеріне кіруіне жағдай жасаған мекеме иелері де жауапкершілікке тартылады.