Қос елдің азаматтығымен Атырауда жүрген 4 адам елден шығарылды
Қос елдің азаматтығымен Атырауда жүрген төрт адам елден шығарылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы ПД Көші-қон қызметі басқармасымен жыл басынан төрт тұлғаға ҚР азаматтығынан айыру бойынша құжат рәсімделді. Олардың барлығы Ресей азаматтығын алғандар.
Облыс аумағында қос азаматтықпен жүргендерге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 496-бабының 2-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылды. Сот шешімімен олардың біріне 408 380 теңге айыппұл салынса, үш адамға ҚР аумағынан тысқары шығарып жіберу туралы шешім қабылданды.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасында қос азаматтыққа жол берілмейді. Яғни, шетел азаматы бір мезгілде Қазақстан Республикасының азаматы бола алмайды. Егер Қазақстан Республикасының азаматы басқа мемлекеттің азаматтығын алатын болса, онда сол кезден бастап ҚР азаматтығы сақталмайды.
ҚР-да қос азаматтылық үшін ҚР ӘҚБтК-нің 496-бабына сәйкес төмендегідей әкімшілік жауапкершілік қарастырылған:
1. Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылған адамның ҚР азаматының паспортын және (немесе) жеке куәлігін пайдалануы жеке тұлғаларға бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімдерде шетел азматтығын алу фактісін хабарламау екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге әкімшілік жолмен шығарып жіберуге әкеп соғады.
3. Мемлекеттік қызметтегі адамдар, сондай-ақ билік өкілінің фукнкцияларын жүзеге асыратын не мемлекеттік органдарда ұйымдастырушылық–өкімді немесе әкімшілік-шаруашылық функцияларды орындайтын адамдар жасаған осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген іс-әрекеттер үш жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге әкімшілік жолмен шығарып жіберуге әкеп соғады.