8 ақбөкенді атқан түркістандық браконьерлер ұсталды
Түркістан облысының полицейлері «Қызыл кітапқа» енген сегіз ақбөкенді заңсыз атып алған браконьерлерді анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының табиғатты қорғау инспекторлары және «Охотзоопром» қызметкерлерімен бірлесе отырып шұғыл іс-шараларды ұйымдастырып, жоспарланған рейдтерге шығып тұрады. Яғни «Уылдырық» іс-шарасы кезінде олар «Қызыл кітапқа» енген ақбөкендерді заңсыз атып алған браконьерлерді ұстады.
Болған жайт бойынша толығырақ Түркістан облысы ПД ЖПҚ-ның бастығы Ұлықбек Мылтықов мәлімдеді:
– Бірлескен рейдтік шара кезінде полицейлер күдікті болған мотоцикл жүргізушісі мен жолаушысын байқайды. Сезіктілердің соңдарынан қуып, тоқтатады. Тексеру жүргізу кезінде екі ер азаматтың заңсыз аң атып алғандығын анықтайды. Яғни олардан «Қызыл кітапқа» енген сегіз дана ақбөкен жануарының денесі алынды. Сондай-ақ бір дана тіркелмеген аңшы мылтығы мен 14 дана ақбөкеннің мүйізі тәркіленді. Ұсталған екі азаматтың Созақ ауданының жергілікті тұрғындары екені анықталды. Олар Созақ аудандық полиция бөліміне жеткізіліп, қамауға алынды. Қазіргі уақытта күдіктілерге қатысты ҚР ҚК-нің 339-бабының 2-бөлігі (Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) және ҚР ҚК-нің 337-бабының 4 бөлігі (Заңсыз аңшылық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Айта кету керек, табиғатты қорғау инспекторлары «Охотзоопром» қызметкерлерімен бірлесіп, топ-топқа бөлініп, браконьерлік деректерін анықтау, экологиялық қылмыстар мен табиғатты қорғау заңнамасы саласындағы басқа да құқық бұзушылықтардың жолын кесу мақсатында рейдтерді жиі ұйымдастырып тұрады.
Сондықтан облыс полицейлері тұрғындардан және қонақтардан табиғатты қорғау заңнамасын бұзбауға және құрып кету қаупі төніп тұрған «Қызыл кітапқа» енген жан-жануарлар мен өсімдіктерге құрметпен қарауға шақырады.