Түркістан облысында ұрлық пен алаяқтыққа қатысы бар күдіктіні ұстады
Түркістан облысында полицейлер ұрлық пен алаяқтыққа қатысы бар күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түлкібас АПБ-ға жергілікті тұрғыны белгісіз біреу көлігіне жолаушы болып мініп, діттеген жеріне жеткен соң, автокөлік ішіндегі 200 мың теңгесін байқатпай жымқырып кеткені туралы арызданды. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркелді.
Қылмысты дер кезінде ашу мақсатында Түлкібас АПБ-ның қызметкерлерінен арнайы жедел тергеу тобы құрылды. Куәгерлерден сұрақ-жауаптар алынып, барлық бейнекамералар жіті қаралды. Нәтижесінде түлкібастық полицейлер күдіктінің ізіне түсті. Бір күн ішінде оның түр-тұлғасын анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Белгілі болғандай, күдікті азамат өз арам ойын жүзеге асырған сәтте ізін суытқан. Сондай-ақ полицейлер күдікті азаматтың бұдан бөлек ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) қылмысына қатысы барын анықтады. Бүгінгі таңда күдікті ер азамат қамауда, оған қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері автокөлік иелеріне құнды заттарды көлікте қалдыруға болмайтынын ескертеді.