Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада мәжбүрлі еңбекті орындамаған ер адам қамауға алынды

Қызылорда қаласында мәжбүрлі еңбекті орындамаған азамат бас бостандығынан айырылылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мәжбүрлі еңбекке тарту ҚР ҚК 44-бабы 1-бөлігінде (Қоғамдық жұмыстарға тарту) көрсетілгендей бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалған сотталғандарға қолданылады. Мәжбүрлі еңбекті жергілікті атқарушы органдар қоғамдық орындарда ұйымдастырады және күніне төрт сағаттан асырылмай өтеледі.

Қармақшы аудандық пробация қызметінің есебіндегі А., есімді сотталған ҚР ҚК-нің 106-бабы 1-бөлігімен (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру) кінәлі деп танылып, сот үкімімен оған үш жыл алты айға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалған. Жаза өтеуінің бүкіл мерзімі ішінде жыл сайын 100 сағаттан аспайтын мәжбүрлі еңбек тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленген.

Мәжбүрлі еңбекті атқару үшін азаматқа Жосалы кенті әкімінің өкімі шығарылып, оған өкім таныстырылған. Сотталған азамат өткен жылы 100 сағаттық мәжбүрлі еңбекті орындағанымен, 2021 жылы мәжбүрлі еңбекті орындаудан бас тартқан. Пробация қызметі сот үкімімен белгіленген мәжбүрлі еңбекті атқаруын тексеру барысында азамат А., мәжбүрлі еңбекке мүлдем шықпағандығы анықталып, ол жөнінде сотталғаннан түсінік алынып, ескерту берілді. Берілген ескертуге де құлақ аспаған азаматтың жазасын бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру үшін пробация қызметкерлері сотқа ұсыныс жолдады.

23 сәуір күні Қармақшы аудандық сотының қаулысымен аталған азаматтың жазасының өтелмеген бөлігі бір жыл 11 ай мерзімі бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылып, сот залынан қамауға алынды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру