Түркістан облысында жүргізуші көлік нөмірінің орнына есімін жазып алған
Түркістан облысында көлік нөмірінің орнына есімін жазып алған жүргізуші жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысының полицейлері құқықбұзушылықтардың алдын алу және анықтау мақсатында тұрақты түрде әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізеді. Осындай кезекті тексеру кезінде Сайрам ауданының полицейлері қала көшелерінің бірінде артқы мемлекеттік нөмірі тұратын орынға өзінің есімін қойып алған Мерседес-Бенц автокөліктің бейнежазбасын анықтады. Бейнежазбада жүргізуші жол бойында өзге көліктерден басып озу мақсатында қарсы бағытқа шыққан.
Аудандық полиция қызметкерлерімен автокөлік иесін табу мақсатында жедел-іздестіру шаралары жүргізілді. Нәтижесінде автокөлік анықталып, оның иесі Ақсукент ауылының тұрғыны екені белгілі болды. Жігіт жол жүрісі ережелерін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің үш бірдей бабымен жауапқа тартылды. Олар, 590-бабы 4-бөлігімен (Көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу), 593-бабы 2-бөлігімен (Жол жүрісі қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктерді тасымалдау, қауіпсіздік белдіктерін немесе мотошлемдерді пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау), 596-бабы 2-бөлігімен (Көлік құралын жолдың жүру бөлігінде орналастыру, қарсы жүріп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу). Қазіргі таңда жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзған жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабымен (Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу) толтырылған хаттама бойынша жинақталған әкімшілік іс аудандық сотқа жолданды.
Жүргізуші кінәсін толық мойындады. Жасаған әрекеттері үшін өкініп, алдағы уақытта мұндай бассыздықтарға жол бермейтінін айтты.