Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысының Полиция департаментінде 11 өзге ұлт өкілі қызмет етеді

Сыр өңірінде халықтың қауіпсіздігі мен бостандығын қорғауды басты мақсат еткен Қызылорда облысының Полиция департаментінде 11 өзге ұлт қызмет етеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ұлты басқа болса да, жүрегі қазақ деп соғатын олар қазақ жерін, қазақ халқының тыныштығын сақтауда от пен суға түсіп, кіндік қаны тамған Отанының алдында перзенттік парыздарын өтеп келеді.

Солардың бірі – кәріс ұлтының өкілі Борис Угай. Угай Борис Қызылорда қаласында 1986 жылы дүниеге келген. Қаладағы №198 орыс мектебінде білім алды. Мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ қазақ тілін ерекше меңгеріп, өз қатарластарынан озық болды. Қазақ тілі сабақтарына белсенді қатысуымен ұстаздарының назарына ілікті. Орта мектепті бітіргеннен кейін, 2005 жылы Қызылорда қаласындаға Қазақ гуманитарлық заң университетіне оқуға түсті.

Қазіргі таңда Қызылорда қалалық Полиция басқармасының Жедел басқару орталығының бейнебақылау инспекторы лауазымында қызмет атқарады. Борис – мемлекеттік тілді жетік меңгерген қызметкер. Қазақ тілі оқыту курстарына қатысып, білімін жетілдіріп отырады.

– Мен Қызылорда қаласында туып, өстім. Орыс тілінде білім беретін мектепте оқыдым. Оқып жүргенде қазақ тілі пәнінен тек бестік баға алатынмын. Тілге деген қызығушылығым мектеп қабырғасынан басталды. Орыс мектептерінің арасында қазақ тілі пәні бойынша өткен қалалық олимпиадада жүлделі орындарын иелендім. Қазақ тілін білуім жаңа таныстар мен достар табуыма да себепші болды. Қазақ балаларымен ойнап, бірге өстім, – дейді үнемі ізденіс үстінде жүретін жас офицер.

Айта кету керек, Бористің анасы – Елена Угай, 25 жыл ішкі істер органдарында қызмет атқарып, қазіргі таңда ҚР ІІМ еңбек сіңірген зейнеткері, запастағы полковник. Анасы ұлына бала кезінен өте жақсы тәрбие берген. Қазақ тілін жетік меңгерген тәртіп сақшысы өзге әріптестеріне де үлгі.

Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесі қарсаңында полиция капитаны Угай Борис Рудольфович халықтар достастығы, ынтымақ пен бірлігі күнімен құттықтап, Қазақстанның көпұлтты халықтары арасындағы бірлік пен ынтымақтастығы нығая берсін деген ізгі тілегін білдірді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру