Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы полициясы көлік ішінен ұрлық жасаған адамды ұстады

Алматы полициясы көлік ішінен ұрлық жасаған адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ұялы құрылғының иесі көлікті тұраққа қалдырып, бірақ терезені жабуды ұмытып, көліктен шығып кеткен. Бұл жағдайды пайдаланған қаскөй көліктің артқы орындығындағы қымбат ұялы телефонды көріп, оны қалтасына салып алып кеткен.

– Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде телефон ұрлығын жасаған күдікті анықталып, ұсталды. Ол Маңғыстау облысының 40 жастағы тумасы болып шықты. Өз кінәсін мойындады. Ұрланған телефон тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Осы фактіге қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталушының қала аумағында жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деді, Алматы қалалық полиция Департаменті бастығының орынбасары Берік Әбілбеков.

 

Сонымен қатар, спикер қазіргі уақытта ұрлық ықтималдығын барынша азайтуға мүмкіндік беретін меншікті қорғаудың бірнеше әдісі бар екендігін атап өтті.

– Сәттілікке сенім артуға болмайды, қиындықтан қорғанудың қарапайым тәсілдерін қолданған жөн. Кілттерді көліктің оталдыратын жерінде қалдыру, автокөліктің есігін жаппай кету немесе терезені ашық қалдыру түріндегі немқұрайлылық көлік ішінен немесе көлік құралының өзінің ұрлану қаупін арттырады. Ал қорғалмаған көлік ұры үшін оңай олжа. Сондықтан полиция Департаменті қырағылық танытып, құнды заттарды қараусыз қалдырмауға қатаң кеңес береді, – деп түйіндеді Б. Әбілбеков.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру