Петропавл полицейлері Nissan-да жасалған ұрлықты ашты
Петропавл полицейлері тұрғынның ақшасын ұрлаған ұры ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл қаласы Полиция басқармасына ұрлық жөніндегі арызымен қала тұрғыны жүгінді. Ол ұялы телефон сатамын деген хабарландыруды көріп, сатушымен Коммуналдық базардың маңында кездесуге келіскенін айтты. Жәбірленушінің көлігінде отырып сөйлескен. Оған ер адам қоңырау шалғасын, жауап беру үшін сыртқа шыққан. Өзінің көлігіне қайтып келгенде, сатушы жоқ болған, сондай-ақ барсеткасынан 10 мың теңгесі жоғалып кеткен. Полицейлерге жәбірленушінің айтқан белгілері ғана көмектесіп қоймай, сипаттау бойынша ұқсас адам бейнеленген бейнебақылау камерасының да көмегі болды. Келесі күні жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті анықталды. Күдікті бұрын мүліктік қылмыс жасағаны үшін сотты болған 36 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Ұрланған ақшаны жеке басына жұмсап үлгеріпті. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
– Мұндай жағдай – тек қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігі туралы еске салатын жәйт, – деп санайды қалалық Полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімі бастығының орынбасары Ерболат Каптаев. – Бейтаныс адамға сенбеу керек. Өзіңіздің заттарыңызды қараусыз қалдырмаңыз. Көп жағдайда қылмыс алдын-ала ойластырусыз, көзді ашып-жұмғанша жасалады, жәбірленушінің ұқыпсыздығының өзі осындай жағдайларға алып келеді. Күнделікті айтылып жүрген ұсыныстарды естен шығармаған жөн. Қаскөйлердің назарын аудармас үшін, автомобиль салонында ақша мен құнды заттарды тастамауға тырысыңыздар.