Маңғыстау облысында 9 алаяқтық қылмысы ашылды
Маңғыстау облысында “HI-TECH” жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың 12-14 мамыр аралығында маңғыстаулық полицейлер “Hi-tech” жедел-алдын алу іс-шарасын өткізуде.
Бұл кешенді іс-шара ақпараттандыру және байланыс саласындағы құқық бұзушылықтарды, сондай-ақ ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалған өзге де құқық бұзушылықтарды анықтауға, жолын кесуге және ашуға, сондай-ақ еркін айналымда тыйым салынған өнімді заңсыз дайындайтын, көбейтетін және тарататын адамдарды анықтауға бағытталған.
Аталмыш шараның алғашқы күнінде облыс бойынша тоғыз қылмыс ашылды. Олардың төртеуі бұрын болған қылмыс болса, осы күні анықталып тіркелген қылмыстар саны – бес.
Ашылған қылмыстардың басым бөлігі алаяқтық фактісі, яғни ҚР ҚК 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелген. Одан бөлек, ҚР ҚК 311 және 212-баптары бойынша да ашылған қылмыстар болды.
Айта кету керек, Маңғыстау облысы Полиция департаментінің криминалдық полиция қызметкерлері интернет-алаяқтардан зардап шеккендер санының өсуін азайту және интернет-алаяқтық қылмысының жолын кесу мақсатында халықты ақпараттандыру бойынша тұрақты түрде жұмыстар жүргізіп тұрады.
– Соңғы уақытта интернет желісін алаяқтық мақсатында пайдалана отырып жасалатын құқық бұзу фактілері өсуде. Адамдарды алдау үшін алаяқтар әлеуметтік желілерді, сауда интернет-алаңдарын пайдаланады, жалған интернет-дүкендер, фейк парақшалар және сайттар ашады. Құжаттарды рәсімдеуде, несиелер мен тұрғын үй, әлеуметтік көмек алуда және т.б. күмәнді қызметтерді ұсынатын бейтаныс адамдарға сенім танытудың қажеті жоқ, – деп атап өтті Маңғыстау облысы Полиция департаментінің бастығы Жанарбек Бақтыбаев.