Көлік полицейлері Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткен іздеудегі ресейлікті ұстады
Көлік полицейлері Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткен іздеудегі ресейлікті ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– Ағымдағы жылғы 15 мамырда Петропавл станциясында жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу барысында көлік полицейлері мен ҚР ҰҚК қызметкерлерімен бірлесе отырып Ресей Федерациясының 51 жастағы ер адамды анықтап, ұстады, – деді ҚР ІІМ Көліктегі ПД-нің бастығы Оңал Бекеев.
Оның айтуынша, ер адам Ресей Федерациясының аумағынан шекара бекеттерін айналып өтіп, еліміздің аумағына жүк пойызы арқылы кіріп, Қазақстан Мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өткен.
– Аталған факті ҚР ҚК-нің 392-бабы 1-бөлігі бойынша (Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту) сотқа дейінгі тергеп тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Тексеріс барысында ұсталған азаматтың ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап РФ ҚК 166-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыс белгілері бойынша мемлекетаралық іздестіруде екені анықталды. Іздестіру бастамашысы – РФ Ішкі істер министрлігінің Челябі облысы бойынша мемлекеттік мекемесі. Қазіргі уақытта тергеу жұмыстары жүргізілуде, – деп сөзін түйіндеді О. Бекеев.