Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Есірткі сатумен айналысқан 6 күдіктіні Түркістан облысының полицейлері ұстады

Түркістан облысының полицейлері есірткі сатумен айналысқан алты бірдей күдіктіні бір тәулік ішінде ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Төлеби аудандық полиция бөліміне бірнеше жергілікті тұрғындар аудан көлемінде есірткі затын сатумен айналысатыны жөнінде хабарлама келіп түседі. Аталған жайт ҚР Қылмыстық Кодексінің 297-бабы (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша тіркеуге алынды.

Заңмен тыйым салынған есірткі затын дайындап, сатуы мүмкін тұрғындарды анықтап, қылмысты ашу мақсатында Түркістан облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Төлеби АПБ-ның тәжірибелі тәртіп сақшыларынан арнайы топ құрылды.

Полицейлер жедел-іздестіру шараларына бірден кірісіп кетті. Осы қылмыстық істі соңына дейін жеткізу үшін жан-жақты жүйелі жұмыстар атқарылды. Тәртіп сақшыларының екі ай бойы күні-түні іске асырған тыңғылықты тексеру жұмыстарының нәтижесінде, күдіктілердің жеке-басы анықталды. Осылайша есірткі затын сатумен айналысты деген күдікпен бір тәулікте алты ер адам тұрғылықты мекенжайларынан ұсталып, АПБ-ға жеткізілді. Олардың барлығы жергілікті тұрғындар, оның ішінде төртеуі бұрын сотты болған. Яғни, күдікті төртеу бұдан алдын Төлеби ауданында пәтер, мал ұрлықтарын жасағаны белгілі болды.

Күдікті деп танылған ер адамдардың үйлеріне тінту жүргізу кезінде, үшеуінің үйінен қағазға оралған есірткіге ұқсас зат табылып, тәркіленіп алынды. Сараптама қорытындысымен айғақты зат ретінде алынған заттың біреуінің салмағы 44 грамм, екіншісі 26 грамм, үшіншісі 18 грамды құрайтын марихуана екендігі белгілі болды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ ұсталғандар қамауға алынды.

Түркістан облысының полицейлері есірткінің заңсыз айналымы мен таралуына байланысты қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру