Көлікті екінші рет мас күйде басқарған аягөздік бес жылға сотталуы мүмкін
Көлік құралын екінші рет масаң күйде басқарғаны үшін Аягөз қаласының тұрғыны бес жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аягөз қаласында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айырылған 33 жастағы жүргізушіні ұстады. Тәртіп бұзған жүргізуші осыған дейін ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы 1-тармағы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша жауапкершілікке тартылған.
– Аталған факт бойынша ҚР ҚК 346-бабының 1-тармағымен (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта ұсталған жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Тағайындалған сот-медициналық сараптамаларының қорытындысы бойынша процесстік шешім қабылданатын болады, – деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.
Жыл басынан бері Полиция департаментінің аумақтық бөлімшелерінде ҚР ҚК-нің 346-бабы бойынша 36 факті тіркелген, оның ішінде 28 факті бойынша айыптау үкімі шығарылды.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және адам өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында ШҚО Полиция департаменті әрбір азаматқа масаң күйде көлік құралдарын басқармау керек екенін ескерте отырып, жол-көлік ережелерін қатаң ұстануға кеңес береді.