Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында академия түлектеріне шен тапсырылды

Түркістан облысында академия түлектеріне шен тапсырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы академиясын бітіріп келген түлектерге киелі өңірде шен тапсыру рәсімі ұйымдастырылды.

Нақтырақ айтар болсақ ҚР ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясын бітірген 40-тан астам курсантқа алғашқы арнаулы полиция лейтенанты шені берілді. Академияны аяқтап, дипломдарын қолдарына алған түлектерге, полиция қызметкері боламыз деп жалындап тұрған жастарға шен тапсыру рәсімі карантин талаптары қатаң сақтала отырып, өткізілді. Себебі әлемді дүрліктірген індеттің алдын алуға байланысты арнаулы шенді әр аумақтың өз полиция департамент басшылары табыстауы қажет болатын.

Демек бұл жолы Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков ҚР ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевтың 2021 жыл 13 мамырдағы бұйрығымен жас мамандарға салтанатты түрде жұлдыздарын табыстады.

– Бүгін сіздер қауіпсіздік пен тұрғындардың тыныш ұйқысын қамтамасыз ететін жауапты қызметкер атанып отырсыздар. Бұл сідердің үлкен қуаныштарыңыз. Сіздер бүгіннен бастап полицейсіздер. Иықтарыңызға тағылған жұлдызша өзіндік жауапкершілікті жүктейді. Сондықтан алдағы уақытта қызметтеріңізге тек сәттілік тілеймін. Әрқашан Отанымыз Қазақстан үшін адал еңбек етіп, биік белестерді бағындыра беріңіздер! Қылмыс санының азаюы мен тұрғындардың амандығы жолында күш-қуаттарыңыз арта берсін. Елім, жерім дейтін патриот полицей болыңыздар! – деді ТО ПД бастығы Қайрат Дәлбеков.

Шара соңында иығында су жаңа жұлдыздары жарқыраған жас лейтенанттар сап түзеп, шеру өткізді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру