Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Үй әрлеуші әйел түркістандық тұрғынның әшекейлерін жымқырып кетті

Түркістан полицейлері әшекейлерді ұрлаған күдікті әйелді қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан ҚПБ-ға жергілікті әйел тұрғын алтын әшекейлерінің ұрланғанын айтып арызданып келген. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркелді. Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі 650 мың теңгеге жуық.

Қылмысты дер кезінде ашу мақсатында Түркістан ҚПБ-ның қызметкерлерінен арнайы жедел тергеу тобы құрылды. Полицейлер іздестіру шараларын тиянақты жүргізді. Куәгерлерден сұрақ-жауаптар алынып, ғимараттағы барлық бейнекамералар жіті қаралды. Нәтижесінде түркістандық тәртіп сақшылары күдіктінің ізіне түсті. Бір күн ішінде оның түр-тұлғасын анықтап, полиция бөліміне жеткізді.

Белгілі болғандай күдікті әйел Түркістан қаласының тұрғыны болып шықты. Сондай-ақ полицейлер күдікті әйелдің жәбірленушінің үйіне әрлеуші болып жұмысқа барғанын анықтады. Сол аралықта күдікті үйдегі алтын бұйымдарды көріп, оңай жолмен ақша табу мақсатында, әшекейлерді жымқырған. Бүгінде ол келу туралы міндеттемеде. Түркістан ҚПБ-ның тәжірибелі полицейлері сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізуде. Айғақты зат ретінде күдіктіден ұрланған алтын әшекейлер табылып, заңды иесіне қайтарылды.

Түркістан облысы полиция қызметкерлері тұрғындарға ескертеді: үй-жайларыңызға, жеке ғимараттарыңыз бен нысандарға мықты құлып орнатып, бейнекамералармен жабдықтаңыздар. Сондай-ақ аулаларыңызды жарықтандырып, есік-терезелеріңізге темір тор жасатыңыздар. Егерде сіз осы секілді ұрлық жайтының құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада «102» нөміріне хабарлаңыз!

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру