Түркістан облысының полицейлері 3 күн бұрын із-түзсіз жоғалып кеткен жасөспірімді тапты
Түркістан облысының полицейлері үш күн бұрын із-түзсіз жоғалып кеткен 14 жастағы қызды тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Үш күннен бері Жетісай ауданында 14 жастағы жасөспірім қыз із-түссіз жоғалып кетіп, Түркістан облысының жұртын дүрліктірген болатын. 14 жастағы қыз 07 маусымнан 08 маусымға қараған түні шамамен сағат 01:30-да Шымкент қаласындағы мөлтек аудандардың біріндегі құрылысы аяқталмаған үйден табылды.
Еске сала кетсек, 4 маусым Жетісай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын, яғни 14 жастағы қыздың анасы келіп арызданған. Арыз аудан полицейлерімен бірден тіркеуге алынып, жасөспірімді тез арада аман есен табу үшін аудандық полицейлермен бірге Түркістан облысы Полиция департаментінен тәжірибелі полицейлер, яғни Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері жұмылдырылды.
Сондай-ақ әлеуметтік желі арқылы және жақын аймақтардың барлығына қыздың айрықша белгілері бойынша мәліметтер жіберіліп, іздестірудің аумағы кеңейтілді. Себебі жасөспірімнің дін аман табылуы үшін әрбір минут маңызды еді.
Іздестіруге жұмылдырылған полицейлер облыстағы салынып жатқан тұрғын үйлер, қараусыз қалған ғимараттар мен құрылыс алаңдарын тексерді. Тіпті Шымкент қаласындағы қыздың баруы мүмкін деген орындар да мұқият тексерілді. Қызды дін аман табу үшін қажетті шаралардың барлығы қарастырылып, атқарылды.
Осылайша үш күн қатарынан жүргізілген іздеу жұмыстарының нәтижесінде, 14 жастағы қыз аман есен табылып, отбасына қайтарылды. Қазіргі таңда полицейлер қыздың отбасына айтпастан үйінен шығып кетуінің себебін анықтау жұмыстарын жүргізуде.
Жоғалған қызының іздеу жұмыстарына жедел жұмылдырылып, қызметте кәсібиліктерін көрсеткен полицейлерге жасөспірімнің анасы шексіз ризашылығын жеткізді.