Көршісінің алтын бұйымдарын қолды қылған сайрамдық анықталды
Түркістан облысының полицейлері көршісінің алтын әшекейлерін жымқырған ер азаматты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сайрам аудандық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйел өз арызында ұрлықтың құрбаны болғанын жеткізді. Яғни ол қайын енесінің үйіне қонаққа барып, қайтып келгенінде сөмкесіндегі жалпы құны 400 мың теңге болатын алтын бұйымдарының жымқырылғанын байқайды. Содан полицейлерге хабарлап, ұрыны ұстап, алтындарын қайтаруға көмек берулерін сұрайды.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабымен (Ұрлық) тіркеуге алынды.
Сайрамдық сақшылар бірден оқиға орнына шығып, куәгерлерден жауап алды. Жедел жүргізілген іздестіру жұмыстары нәтижесінде, күдіктіні ізін суытпай ұстады. Ол отбасылық жиынға қонақ ретінде келген көрші жігіт болып шықты. Белгілі болғандай, күдікті жәбірленушінің сөмкесіндегі алтындарды ешкім байқамай тұрғанда жымқырып, өзінің арам ойын іске асырған. Алайда полицейлердің қырағылығының арқасында ол ұсталып, АПБ-ға жеткізілді. Өз кінәсін толық мойындады. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысы полицейлері пәтер ұрлығы қылмысының алдын алу үшін, үйлеріңізге бейнебақылау камералары мен дабылқаққыштар орнатуға кеңес береді. Одан бөлек азаматтарға қырағы болу мен сөмкелерін, бағалы заттарын қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Базарларға, дүкендерге және адамдар көп жиналатын басқа да орындарға барған кезде ақша салынған әмияндар, құжаттар мен басқа да бағалы заттарды өзімен бірге, жабық сөмкелерде немесе киімнің ішкі қалталарында ұстаған жөн. Сондай-ақ қымбат заттарды көпшілік алдында көрсетуге болмайды, өйткені бұл арам пиғылдылардың назарын оңай аударады. Егер сіз ұрлық пен басқа да қылмыстардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, дереу полицияға 102 телефоны арқылы хабарласыңыз.