Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маймылды тасымалдаған сарыағаштық жігіт жауапқа тартылуы мүмкін

Маймылды тасымалдаған сарыағаштық жігіт жауапқа тартылуы мүмкін, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысының полицейлері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуден бөлек, әлеуметтік желілерге де тексерулер жүргізіп, тиісті жұмыстарды атқарып келеді.

Мәселен әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу кезінде полицейлер, Instagram парақшаларының бірінде жол жиегінде маймылдың электр бағанасының үстіне шығып кетіп, түсе алмай тұрғаны түсірілген бейнежазбаны анықтады.

Бұл бейнежазба бойынша Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің полицейлері бірден тексеру жұмыстарына жұмылдырылды. Атқарылған шаралардың нәтижесінде оқиға Сарыағаш қаласындағы көшелердің бірінде орын алғаны белгілі болды.

Маймылдың иесі сарыағаштық тұрғын болып шықты. Оның айтуынша, ол жануарды тасымалдап бара жатқанда, аң абайсызда тордан шығып кеткен. Содан оны биіктен түсіру мақсатында тұрғын пневматикалық қарумен бірнеше рет ауаға атып, жерге түсірген. Содан соң маймылды ұстап, қайта торына салып, алып кеткен.

«Макака» тұқымды маймылды жергілікті тұрғын Өзбекстан Республикасынан сатып алған, одан кейін Сарыағаш ауданында қайта сату үшін алып кетіп бара жатқаны анықталды.

Қазіргі таңда Сарыағаш АПБ қызметкерлері маймылдың иесінің жасаған іс-әрекетін зерделеп, тиісті құжаттарын тексеріп, жауапкершілігін қарауда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру