«Мемлекеттік жәрдемақы алып беремін»: сарыағаштық алаяқ бірнеше тұрғынды алдап кетті
Түркістан полицейлері 11 тұрғынды алдап, бір миллион теңгені иеленіп кеткен күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш АПБ-ға облыс тұрғындарынан арыз келіп түсті. Арызда белгісіз адамның өздеріне кәсіпкерлікке берілетін ақша алып беремін, сондай-ақ көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақыны шығарып беремін деген түрлі сендіретін сөздер айтып тұрғындардан ірі көлемде ақша алғаны көрсетілген. Аталған жайтты тәртіп сақшылары ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеп, күдіктіні іздестіру жұмыстарын бастады. Сарыағаштық полицейлер тұрғындарды алдап, қалтасына қомақты ақшаны басқан күдіктіні ұстауға барлық күшті жұмылдырды. Нәтижесінде жедел уәкілдер тобы күдікті деп танылған жергілікті тұрғын азаматты анықтап, бөлімге жеткізді.
Белгілі болғандай күдікті жігіт тұрғындарға өзін белгілі бір мекемеде жұмыс істеймін деп таныстырған. Содан күдікті өз арам ойын жүзеге асырып 11 адамнан ақша алған. Жалпы жәбірленушілерге келтірілген шығынның көлемі бір миллион теңге. Ол барлық ақшаны бас пайдасына жаратып жіберген. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бүгінде ұсталған күдікті қолхатта.
Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға танымайтын адамдарға сенбеуді және жеке өзіңіз жайлы ақпарат бермеуге кеңес береді. Алаяқ өз ойын іске асыру үшін түрлі амалдарды жасайды.