Жерлестерінің алғысына бөленген учаскелік полицей
23 маусым – Қазақстан полициясы күніне орай Polisia.kz редакциясы ішкі істер органдарында адал қызмет атқарып жүрген полицейлер туралы ақпарат ұсынбақ.
Бүгінде елімізде елдің алғысына бөленген тәртіп сақшылары көп. Солардың бірі Сарыағаш ауданының тумасы – Асыл Ережепов. Полиция капитаны шенін таққан ол күн-түн демей, қоғамның тыныштығын күзетіп, әрдайым халқына қорған болып келеді.
Асыл Асқарұлы Сарыағаш ауданында дүниеге келген. Жергілікті жердегі мектепті бітірген соң, ІІМ қарасты Шымкент қаласында орналасқан Б.Момышұлы атындағы оқу орталығында білім алды.
Еңбек жолын 2005 жылы Бәйдібек ауданында учаскелік полиция инспекторы болып бастады. Кейіннен туған жері Сарыағаш ауданына қызмет ауыстырды. Қазіргі кезде полиция капитаны Қапланбек ауылдық округінде учаскелік полиция инспекторы қызметін абыроймен атқаруда.
– Маған бекітілген аумақта үш елді мекен бар. Қанағат, Ақниет, Тасқұлақ ауылдарындағы қоғамдық тәртіпті қадағалап, профилактикалық жұмыстарды жүргізіп келемін. Тұрғындардың барлығы дерлік таниды деп айта аламын. Өзім Қанағат ауылында тұрамын. Үш ауылды жиі-жиі аралап жағдайды тұрақты бақылап отырамын. Сондай-ақ әлеуметтік желілер арқылы әр ауылға жеке-жеке чат ашылған. Онда елдің жаңалығымен хабардар болып отырамыз. Өзімізде ескерту хабарландыруларын сонда жолдаймыз.
Одан бөлек ақсақалдармен жиі-жиі кездесіп тұрамыз. Жастарменде жүздесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз, – дейді ол.
Бүгінде аталған үш елді мекенде бес мыңнан астам тұрғын бар. Үш мектеп, үш мешіт орналасқан. Одан бөлек коммерциялық нысандар халыққа қызмет көрсетеді. Асыл Асқарұлы, тәулік талғамай тұрғындардың тыныштығын күзетеді. Қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Нәтижесі де жоқ емес. Қазіргі кезде аумақтағы қылмыс саны да жылдан жылға азайған. Ал тіркелгендері түгелімен ашылған. Жуырда ғана мұндағы тәртіп сақшылары мал ұрлығын ашты. Үш үйден бес қойдың ұрланғандығы бойынша тиянақты жұмыс істеп, күдіктілерді көп ұзамай қолға түсірді.
– Көбінесе бізге тұрмыстық жанжалдар түседі. Оның баршасымен жұмыс жүргізудеміз. Сондай-ақ карантин талаптарының қатаң сақталуын қадағалаудамыз және профилактикалық іс шараларды жиі-жиі өткізіп, төрт-түлікті қараусыз қалдырмауды түсіндірудеміз, – дейді полиция капитаны.
Асыл Асқарұлы елдің алғысына бөленген полицей. Оның тынымсыз тірлігін бүгінде жерлестері мақтанышпен айтып жүр. Яғни тәртіп сақшысы Қапланбек ауылында әжетханаға түсіп кеткен екі жеткіншекті алып шыққан. Қазіргі кезде балалардың денсаулығы қалыпты. Жағдайлары жақсы. Ата-аналары да тәртіп сақшысына ризашылығын білдіріп, алғысын айтқан.
Асылдың Ардақ есімді сыңары бар. Олда ішкі істер саласында абыройлы еңбек еткен. Кейіннен бизнеске бет бұрды. Ағасы Алтай да майор шенімен зейнетке шыққан. Қажет кезде інісіне ақыл-кеңестерін айтып отырады.
Ал жұбайы Лаура мектеп мұғалімі. Бүгінде жайдары жұп, екі ұл, екі қыздың ата-анасы атанып отыр.