Көлік полицейлері 28 жастағы елорда тұрғынынан ірі көлемде синтетикалық есірткі тәркіледі
Көлік полицейлері 28 жастағы елорда тұрғынынан ірі көлемде синтетикалық есірткі тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– Нұр-Сұлтан станциясындағы Желілік полиция басқармасының есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында есірткі заттарын өткізуге күдікті деп танылған елорданың 28 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады, – деді Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Нұржан Әлібаев.
Оның айтуынша, қаскүнем теміржол ұйымдарының бірінде жұмыс істеген.
Жеке тінту кезінде ұсталған азаматтан ішінде психотроптық заты бар екі полимерлік түйіншек табылып, алынған. Жүргізілген сараптама тәркіленген заттың жалпы салмағы 0,87 грамм, ірі мөлшердегі альфа — PVP синтетикалық есірткі заты екендігін анықтады.
– Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 2-бөлігі, яғни, ірі мөлшердегі есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді.
Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр ауданының №2 сотының үкімімен құқық бұзушы жеті жылға бас бостандығынан айырылды, – деп түйіндеді сөзін полиция полковнигі.
Естеріңізге сала кетейік, жыл басынан бері еліміздің көлік полицейлері 227 есірткі қылмысын анықтады, оның ішінде 14 аса ірі көлемде сақтау фактісі, 30 өткізу және үш есірткі контрабандасы.
Заңсыз айналымнан 40 кг-дан астам есірткі заттары, оның ішінде 580 грамнан астам синтетикалық есірткі заты тәркіленді.