Интернетте трактор сатып алмақ болған 62 жастағы петропавлдық 750 мың теңгесінен айырылып қалды
Интернетте трактор сатып алмақ болған 62 жастағы петропавлдық 750 мың теңгесінен айырылып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл қ. егде жастағы тұрғыны алаяқтық туралы арызбен полицияға жүгінді. Айтуынша, зейнет алдында шағын тракторды сатып алмақшы болған. OLX хабарландырулар сайтында бағасы арзандау тракторды тауып алып, «сатып алушымен» WhatsApp мессенджері арқылы сөйлескен. Қаскөй тракторды басқа қаладан алып келу қажеттігін сылтауратып, ер адамнан алдын ала төлемге және жол шығындарына 750 мың теңге сұрап алған. Нәтижесінде қылмыскер байланысқа шықпай қояды. Аталған факті Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша енгізілді.
Полицейлер жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуде.
– Киберқылмыскерлер кез-келген веб-ресурста кезігуі мүмкін, алайда, олар OLХ сайтында жиі кездеседі, – дейді СҚО Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Виталий Подчернин. – Бұл сайтта интернет-алаяқтықтың үштен бір бөлігі жасалады: жыл басынан облыста тіркелген 335 фактінің 103-і. Қаскөйлер жалған тауарлар мен қызметтер үшін алдын ала төлем талап етеді. Сатушыларға «жеткізу» қызметін (OLХ сайтында бұндай қызмет жоқ) ұсынады және ол үшін сілтеме арқылы өтіп, банк карталарының деректерін енгізу қажеттігі туралы айтады. Сілтеме жалған парақшаға әкеледі, бұл парақшаға енгізілген деректер қылмыскердің қолына түседі, бұл есепшоттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Полицейлердің айтуынша, жаз кезінде қылмыскерлер пәтерді жалға ұсыну, жиһазды сату туралы жиі «ұсыныс» жасайды.
Алаяқтардың құрығына көп жағдайда әйелдер түсіп жатады, бұндай 213 жағдай тіркелген. Тәртіп сақшылары солтүстікқазақстандықтарды аса сақ болуға, жеке мәліметтерді таратпауға щақырады. Интернетте тауар сатып алған жағдайда бейне қоңырауды талап еткен жөн: өз беттерін жасыру және ұсынып отырған тауардың жоқ екендігін көрсетпеу үшін қылмыскерлер бұл ұсыныстан бас тартады.