Полиция жыл басынан бері вакцинация паспорттары мен ПТР-тесттерді қолдан жасау бойынша 65 қылмыстық іс қозғады
Полиция жыл басынан бері вакцинация паспорттары мен ПТР-тесттерді қолдан жасау бойынша 65 қылмыстық іс қозғады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Covid-19 коронавирустық инфекциясы салдарынан көптеген адамның өмірі қиылуда. Тек бір тәулік ішінде Қазақстанда коронавирустық инфекцияға оң ПТР-талдауы бар 5 648 науқас анықталды. Барлық қабылданған шектеу шараларына қарамастан, бұл сан күн сайын өсіп келеді.
ІІМ-нің аса алаңдатарлық эпидемиологиялық жағдайын ескере отырып, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы аурумен байланысты барлық қылмыстық көріністерге ерекше көңіл бөлінеді.
Жалған ПТР тестілері мен вакцинация паспорттарын қолдан жасау және пайдаланушыларды анықтау бағытындағы жұмыстар белсенді жүргізілуде, өйткені вакцинацияланбаған азаматтар коронавирустың таралуына жағдай жасай жасап, басқаларға жұқтыру қаупін жоғарылатады.
Тергеу бөлімшелерінің өндірісінде ПТР-тестілерді қолдан жасау, дайындау немесе өткізу бойынша Қылмыстық кодекстің 385-бабы бойынша 42 қылмыстық іс болды (ҚК 385-бабы 1-бөлігі – 23, 2-бөлігі-3, 3-бөлігі – 16), оның ішінде 39-ы ағымдағы жылы тіркелген.
Вакцинация паспорттарын қолдан жасау фактілері бойынша ағымдағы жылы 23 қылмыстық іс тіркелді, тергеу жалғасуда.
Қолдан жасалған құжаттардың саны және әрбір іс бойынша заңға қайшы әрекеттерге қатысушылардың саны да әр түрлі. Бұлар тергеу нәтижелері бойынша нақтыланатын болады.
Ішкі істер органдары жалған ПТР-анықтамалар мен вакцинация паспорттарын сату фактілерін анықтау бойынша түрлі жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуде. Полиция қызметкерлері медициналық орталықтарды, емханаларды, вакцина алу пункттерін тексеруді жалғастыруда.
ІІМ жалған құжат жасағаны үшін төрт жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік, ал оны пайдаланғаны үшін 40 тәулікке дейін қамауға алу көзделгенін еске салады.