Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында тұрғын полицейлерге мал ұрысын ұстауға көмектесті

Түркістан облысында тұрғын полицейлерге мал ұрысын ұстауға көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Төлеби аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші ер адамның айтуынша, белгісіз біреу оның жайылымда арқандаулы тұрған құны 500 мың теңге болатын бір бас жылқысын ұрлап кеткен. Оны жәбірленушіге көршісі хабарлаған. Яғни, ауылдағы малдарды жақсы танитын ауылдасы аталмыш жылқыны бөтен біреу мініп бара жатқанын көріп қалып, иесіне дереу ескерткен. Хабар алысымен арызданушы тұрғын, полицейлерден көмек сұрады. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша тіркеуге алынды. Тұрғынның жайылымда қараусыз тұрған малын жымқырған күдіктіні ұстау мақсатында полицейлер оқиға орнына бірден жетті. Тәртіп сақшылары куәгерлерден жауап алып, сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Осылайша мал иесімен бірге жан-жақты дұрыс бағытта жүргізілген жедел-іздестіру іс-шарасы нәтижесінде ұры небары 1-2 сағат ішінде ұсталды. Ол Шардара ауданының тұрғыны болып шықты. 

Күдікті Төлеби ауданына жеңіл жолмен пайда табу мақсатында келгенін мойындады. Яғни, ол қараусыз жүрген жылқыны мініп алып, оны өз пайдасына жаратпақ болған. Алайда ауыл тұрғынының мал иесіне бірден хабар беруі, полицейлердің кәсіби шеберлігі нәтижесінде ұры ойға алған ісін жүзеге асыра алмады. Жылқы айғақты зат ретінде алынып, заңды иесіне қайтарылды. Күдіктінің бас шарасы «қолхатта». Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Сондықтан әрбір азамат өзінің жеке мал-мүлкіне қырағы болуы керек. Малдарын қараусыз қалдырмай, уақытылы сырғалап, таңбалап, құжаттандырып, қора-жайын мықтап бекітуі қажет. Егер де малыңыз жоғалса не болмаса ұрланса, шұғыл 102-ге хабарлаңыз. Бастысы жоғалған малды өз еркіңізбен табамын деп уақыт жоғалтпаңыз. Ескерте кетер жайт, ұрлық орын алған сәтте полицияға уақыт жоғалтпастан бірден хабар беру арқылы сіз, тәртіп сақшыларының күдіктіні ізін суытпай ұстауына көмектесесіз!

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру