Түркістан облысының полицейлері туысының ұялы телефонын ұрлаған ер адамды ұстады
Түркістан облысының полицейлері туысының ұялы телефонын ұрлаған ер адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан ҚПБ-ға жергілікті тұрғын арызданады. Ол өз арызында үйінде кіреберіс бөлмеге түнде ұйықтар алдын қуаттағышқа қойып қойған ұялы телефонын белгісіз біреу алып кеткені туралы хабарлама түсірген. Жәбірленуші жас әйелге келтірілген шығын көлемі 160 мың теңгені құрады. Аталған жайт СДТТБТ-ға ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша тіркелді. Орын алған ұрлықты ашу мақсатында қалалық қырағы полицейлер шұғыл әрекетке көшті. Тәжірибелі полицейлерден жедел-тергеу тобы құрылып, қажетті іс-шаралар атқарылды. Нәтижесінде ұялы телефонды жымқырған күдікті анықталып, ұсталды. Ол жәбірленушінің туыс қайынағасы болып шықты.
Белгілі болғандай, таңғы сағат 07.00 шамасында үйдегілер ұйықтап жатқанда келген ер адам, үйге емін-еркін кіріп, ұялы телефонға көзі түсіп, ойы өзгерген. Содан телефонды рұқсатсыз алып кетіп, оқиға орнынан бой тасалаған. Үйден шыққан бойда оны басқа біреуге 15 мың теңгеге сатып жіберген. Бүгінде күдікті өз кінәсін толығымен мойындады. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға бағалы заттарыңызбен, ұялы телефондарыңызға барынша абай болыңыздар деп ескертеді. Яғни ұялы телефондарыңызды кез-келген жерге қалдырмаңыздар. Мүмкіндігінше жеке заттарыңызды аузы жабық сөмке мен ішкі қалтаңызға сақтаңыз. Егерде сізде, осындай ұрлықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияның «102» телефонына хабарласыңыздар.