Сарыағашта жылқы ұрлаған екеу 3 жылға сотталды
Сарыағашта жылқы ұрлаған екеу үш жылға сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғындар арызданып, өздерінің ұшты-күйлі жоғалған малдарын өзге біреулер ГАЗель автокөлігіне тиеп жатқанын айтып, қылмыскерлерді құрықтауға көмек берулерін сұрайды. Ақпарат түскенде полицейлер оқиға орнына бірден жеткен. Жедел-тергеу тобы қажетті іс-шараларды атқарды. Нәтижесінде күдікті екеудің жеке-басы анықталып, ұсталды. Олардың екеуі де жергілікті тұрғындар болып шықты.
Белгілі болғандай, күдіктінің бірі Сарыағаш ауданына қарасты ауылда орналасқан зауыттағы жұмыс орнының жанында қараусыз жүрген жылқыларды көріп, арам ойы туындаған. Содан үш бас жылқыны айдап әкетіп, қараусыз қораның біріне қамап қойып, сыбайласына хабарласқан.
Содан екінші күдікті екеуі сөз байласып, ұрланған жылқыларды сатып алушы адам тапқан. Бөтеннің жылқыларын 650 000 теңгеге сатып, оны тиеп жатқанда жылқыларын іздеп шыққан жәбірленушілерге ұсталып қалған. Ал жәбірленушінің бірі өзінің 400 000 теңгелік жылқысын, екіншісі 650 000 теңгелік екі бас жылқысын таппай қалып, өздіктерінен іздеп жүріп, қылмыстың үстінен түскендерін жеткізген.
Бұл деректерді полицейлер СДТТБТ-да ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша тіркеді. Сарыағаш АПБ-да орын алған мал ұрлығы қылмысын соңына жеткізу бағытында қарқынды қызмет атқарылды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, жинақталған іс-құжаттар айыптау актісімен Сарыағаш аудандық сотына жіберілді.
Соттың үкімі жәбірленуші тараптың күдіктілерге кешірім беріп, олардың өз кінәсін толығымен мойындауын ескере отырып, күдікті екеудің, яғни 32 және 37 жастағы ер адамдарды ҚР ҚК-нің 188-1-бабымен кінәлі деп танып, екеуіне де үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.